Жастар арасында «Барт Шымкент-2016» авторлық әндер байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды. Облыстық опера және балет театрында өткен өнер сайысын Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Байқауға қатысқан 22 үміткердің барлығы түрлі жанр бойынша өз талантын паш етіп, көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шығуға тырысты. Сайыстың шарты бойынша жастар ән шығарып қана қоймай, оны өздері орындауы керек. Өнер әлеміне енді ғана қанат қаққан ұл — қыздар түрлі аспаптарда ойнап, орыс және қазақ тілдерінде ән шырқады. Сондай — ақ, ұйымдастырушылар бұл жолы өлеңді мәнерлеп оқитын талант иелеріне де мүмкіндік беріп отыр. Кейбірі сахнаға алғаш рет шықса да, шығарманы жоғары деңгейде орындап қазылар алқасын таң қалдыруда. Байқаудың мақсаты осындай таланттарды анықтап, әрі қарай олардың шығармашылығына қолдау білдіру.
Сайыстың іріктеу кезеңінен өткен 22 қатысушы 4 аталым бойынша жүлделерге ие болды. Яғни жастар үздік авторлық ән, үздік сазгер және таңдаулы орындаушы номинациялары бойынша марапатталды. Әсел Әнетова осы байқауда үздік музыка авторы аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Жастайынан ән әлеміне әуес ол, болашақта елімізге белгілі сазгер болуды армандайды.