Шымкенттегі Астана даңғылы бойындағы тоғыз қабатты 128 пәтерлі үйлер қоныстанушыларын қабылдауға әзір. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кезекке тұрғандар пәтер кілттерін алады, бүлдіршіндер жаңа балабақшаларға барады, оқушылар жаңадан салынған мектеп парталарына отырады.Шымкент қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Еркін Бұхарбаев айтқандай, «бұл үйлер ТҮҚЖБ салымшыларына, жас отбасыларға, бюджет қызметкерлері мен жетім балаларға арналған». Қазір Шымкентте 103 көп қабатты үй құрылысы жүріп жатыр, олардағы пәтер саны-5351. Биыл олардың жетпіс төртін, яғни 4271 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдірахымов құрылыс саласына қатысты мердігер мекемелер алдына жыл аяғына дейін әрқайсысы 320 балаға арналған төрт балабақшаны, 1200 және 900 орынға арналған екі мектепті пайдалануға беруді тапсырды.